авторы: Merlan (20 қаңтар, 17:01 жарияланды)
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан бері туризм даму болашағында үлкен мүмкіндіктерге ие болды. Туризмнің дамуы, соның ішінде халықаралық туризмнің дамуы валюта кірісінің ұлғаюына, бюджеттің көбеюіне, жұмыссыздықтың төмендеуіне, жұмыс орны нарығының көбеюіне, халықтың жалақысының көбеюіне, өмір сүру деңгейінің жоғарылауына, Қазақстан Республикасының гүлденуіне және тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Сонымен қатар туризм белсенді демалыс, денсаулықты нығайту, бос уақытты тиімді пайдалану, мәдениет деңгейін жоғарылату және ой-өрісті кеңейтудің маңызды формасы және жергілікті бюджет табысының перспективалық көзі.
Батыс Қазақстан облысы туризмді дамытудың перспективті аймағы болып табылады. Себебі ол қолайлы географиялық жерде орналасқан, Еуропа мен Азия арасындағы көпір бола тұра үлкен туристік әлеуетке ие. Қызмет көрсету мен демалыс инфрақұрылымы, тамаша табиғи ресурстар мен облыстың тарихи-мәдени объектілері туризмнің көптеген түрлерін дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні облыста 19 орналастыру объектілері, 8 мұражай, 3 театр, 8 кинотеатр, 3 демалыс паркі, 240 клубтық мекеме, 400 кітапхана және басқа да объектілер қонақтарды қабылдайды. Туристерге «Атриум», «Галактика», «Урал», «Променад» сауда-ойын-сауық орталықтары, «Саяхат», «Шағала», «Пушкин», «Виктория», «Орал», «Құрмет» қонақүйлері, «Золотой Век», «Мерей», «Алматы», «Камелот» мейрамханалары қызмет көрсетеді.
Туристерде Шалқар көліндегі, Жайық, Шаған, Деркөл өзендері жағалауындағы демалыс аймақтары; «Парк-отель» демалыс базасы, «Мечта» кемпингі, «Еуразия» және «Атамекен» туристік-сауықтыру кешендері, «Ақжайық» емдеу-профилактикалық санаторийі, «Дельфин» спорттық-сауықтыру кешені үлкен сұранысқа ие. Туристер тарихи-мәдени және архитектуралық ескерткіштерге, Көрме залына, Мәдениет және демалыс саябағына, Мұз айдыны сарайына, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, театрлар мен филармонияға қызығушылық танытады.
Облыста балалар-жасөспірімдер, танымдық, сауықтыру, экологиялық және т.б. сияқты туризм түрлері дамыған. Ат, су, велосипед, жаяу, экологиялық маршрут, аң аулау мен балық аулау сияқты туризмнің белсенді түрлері ерекше танымалдылыққа ие, сонымен қатар келесідей туристік маршруттар жасақталды: «Бөкей хандығына саяхат», Жайық өзені бойынша су маршруттары: «Шалқар көлі - далалық теңіз», «Жайықта - қалашық, Оралда - қала» және т.б.
Туризмнің дамуына Орал өңірінің көптеген мүмкіншіліктері бар. Ландшафтардың, ауа-райының таңқарарлық табиғи көптүрлілігі, Еуропа мен Азия континент бөліктерінің шекарасында орналасқан өлкенің бай тарихы туристерге әсем жерлер қызықтырар ұмытылмас демалыс береді.
Орал өңірінің көне жері тас пен қола дәуірінің тұрғындары, ғұндар мен қыпшақтар, қазақ хандықтары, соның ішінде Бөкей Ордасы, Е.Пугачев бастаған көтеріліс, Сырым Датұлы, Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісұлы басшылығымен ұлт-азаттық қозғалыстар, өнер мен ғылым, мәдениет, әдебиеттің көрнекті өкілдері Құрманғазы, Дина, Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев, Жұбан Молдағалиев, Асан Тайманов, Сәкен Ғұмаров, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова және көптеген басқа да тұлғалар туралы естелікті мұқият сақтайды. Мұнда орыс мәдениетінің ұлы тұлғалары Пушкин, Толстой, Жуковский, Короленко, Даль, Шаляпин, Тоқай, Шолохов өздерінің шығармашылығы үшін қалам тербетті [1].
Орал өңірінің табиғи рекреациялық ресурстары да ерекше. Батыс Қазақстан облысы Орал өзені ағысының орта шөніндегі бассейінінде орналасқан және жазық түріндегі көлемді құмды биіктіктер мен ойпаттардан, кейде тұзды көлдер мен сорлардан тұратын Каспий ойпатының солтүстік бөлігін алып тұрады. Солтүстігінде оңтүстік Жалпы Сырт биіктіктері білінеді, шығысында Орал асты плат шеттері көрінеді [2].
Облыс бойынша туристерді қызықтыратын ең ірі де әдемі көл Шалқар көлі болып саналады. Оның көлемі 200 м2, бұл көл құрамында тұзды су болғандықтан, ол адам организміне саулық әрекет береді. Көлдің жағалаулары солтүстік, оңтүстік-батыс бөліктерінде жатық, қалған жерлерінде жарлауытты, биіктігі 3-10 м.
Шолақаңқаты (Шалқараңқаты), Есенаққатыөзендері құяды, су деңгейі 15,5 м көтерілгенде Солянка өзені ағып шығады. Деңгейі көктемде көтеріліп, күзге қарай сабасына түседі. Минералдары көктемде 3-4 г/л-ден қысқа қарай 6-8 г/л-ге дейін өседі. Көлде аққу, қаз, үйрек, қоқиқаз, шағала, бірқазан мекендейді. Жергілікті тұрғындар Шалқарды “Кіші теңіз” деп те атайды.
Сонымен қатар Шалқар көлін Орал өңіріндегі көнеден қалған тамаша ескерткіштің бірі деп те атайды. Себебі, оның қашан пайда болғаны күні бүгінге дейін талас тудырып келеді. Алайда бір пікір мейлінше көңілге қонымды. Көл Каспий шегінен мың жыл бұрын тартылған бұрынғы Хвалын теңізінің жұрнағы, сол себепті де тарихқа дейінгі кезде бүкіл қазіргі Каспий маңы ойпаты орнында жоғарыда айтылған теңіз болған.
Бірнеше географиялық зоналардан ағып өтетін және үлкен көлемді бассейні бар бас су артериясы Жайық өзені болып табылады. Жайық өзінің суларын Каспий теңізіне қарай апарады, әрқашан адамдар оны қатты сыйлап жүрді. Бұл таңқаларлық нәрсе емес, себебі оның сулар әрқашан балықпен толық болды, олар көксерке, ақбалық, жайын, алабұға, қара балық, шортан және т.б. Сондықтан Батыс Қазақстан облысында балық аулау туризмнің көптеген түрлерін (қыста мұз астынан аулау, лесамен аулау, резеңке немесе моторлы қайықтарымен балық аулау) дамытуға барлық мүмкіншіліктер бар. Уылдырық шашудан басқа кезеңдер балық аулау үшін қолайлы кезеңдер болып табылады.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында аңшылық туризмді де дамытуға барлық мүмкіншіліктер бар. Себебі, облыс аумағының үлкен бөлігі аңшылық қорығына кіреді. Аулауға арналған хайуанаттар түрлері көпшілік. Спорттық аңшылыққа суда жүзетін құстың аса маңызы бар, сонымен қоса, түлкі, қарсақ, таутұрақ, борсық, қоян, қабан, ал кейбір жерлерінде киік пен бұғы.
Қоңыр қаз бен үйрекке, шілге аңшылық уақыты қыркүйктің бірінші жартысынан 30-қарашаға дейін созылады. Қасқырға аңшылық жыл бойына жүргізіледі. Түлкіге, қарсаққа, қоянға аңшылық 1-қарашадан бастап 15-ақпанға дейін жүргізіледі. ТМД азаматтары мен шетелдік азаматтарға аңшылық турлары әдейі сұраныс бойынша әзірленеді [2].
Қазіргі кезде Жайық өзені бойынша жүзу турлары ұйымдастырылады. Мұндай турлар туристерге Жайық өзенінің тарихы, Жайық өзенінің жағасында орналасқан елді мекендер туралы, өзеннің флорасы және фаунасы туралы мәлімет береді. Балалар және жасөспірімдер туризмі бойынша облыстық орталық балабақшадан бастап кәсіптік лицейге дейінгі балаларға туристік-өлкетану іс-шаралары арқылы білім береді.
Үлкен Ешкі тауы табиғи ескерткіші (Ичка). Бұл облыстың маңызы бар табиғит ескерткіші. 1996 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің шешімімен ұйымдастырылған.
Ескерткіштің аумағы бар болғаны 175 гектар. Жалпы Сырттың оңтүстігіндегі Деркул өзенінің жоғарғы жағындағы Үлкен Ешкі тауының баурайында, Тасқала кентінен солтүстік-батысқа қарай 12 км жерде орналасқан. Қорғалатын аумаққа осы таудың айналасындағы 250 метр кеңістік кіреді. Үлкен Ешкі тауы – облыстағы биіктігі жөнінен екінші нүкте. Таудың пішіні конус тәріздес, палеоген кезеңінің құмтастарымен көмкерілген. Таудың табаны саздақ және бор мен опокалы жыныстардан тұрады. Оңтүстік және батыс баурайлары неғұрлым жарқабақты болып келіп, қазіргі кезеңдегі эрозиялық процестердің нәтижесінде жас жыралардың пайда болғандығы байқалады. Сондай-ақ бұл тұстарда өсімдік жамылғысы жоқтың қасында. Солтүстік және шығыс баурайлары неғұрлым жайпақ. Мұнда негізгі жыныстар үстінен делювиалды шөгінділермен жабылған. Геологиялық тұрғыдан алғанда, таудың негізі бордан, үщтік кезеңдегі саздармен, опокадан тұрады, демек мезозой және палеозой дәуірлерінің теңіз шөгінділерімен мықтап шайылған [3].
Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Орал – Қазақстанның көне қаласы (1613 жылы құрылған) және облыстың негізгі туристік орталығы болып саналады. Қала Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан, үш жағынан Жайықтың, Шағанның суларымен қоршалған. Қаланың аты әлденеше рет өзгерді. Қазақтар «Теке», «Орал» десе, ал орыстар – «Яицкий городок», «Уральск» деп атаған.
1775 жылы Пугачев көтерілісін халықтың жадынан мүлдем шығарып, ұмыттыру мақсатында патшайым өзінің жарлығымен «Яицкий городок» атауын «Уральск» деп өзгертті [4].
«Жайық» сөзі түрік тіленен аударғанда «қолайлы есте қалатын жер» деген мағына береді. Жайық қалашығы (1715 жылы Орал қаласы атағы берілді) орыс мемлекетінің шекарасын көшпенділердің шабылуынан қорғау үшін салынған әскери бекет есебінде құрылды.
Ежелгі ғасырларда қала маңында көшпелі тайпалар - исседондар, сарматтар мекендеген. Орта ғасырда осы тұстан Шығыстан Батысқа қарай ең қысқа сауда жолы төселді.
Қала төңірегінде әр кезеңде мекендеген халықтардан, тайпалардан түрлі қалашықтар, тастан жасалынған мүсіндер, арба дөңгелегінің іздері, саз балшықтан жасалынған ыдыс-аяқтар секілді естеліктер қалған. Соңғы жылдары қала аймағынан табылған археологиялық қазбаларға қарағанда, бұл жерде XIII ғасырда негізі қаланған, Алтын Орданың өркендеуі кезінде қала болды деген жорамал бар.
Қаладағы он шақты қызықты ескерткіштер болашақ ұрпақ үшін өте құнды, олар: бұрынғы орыс қазақ мектебінің ғимараты (мұнда тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан); XVIII ғасырдың архитектура ескерткіші Михайло-Архангель соборы (1751 жылы салынған).
1773-1775 жылдары Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысының куәгері. Христ құтқарушы шіркеуі ХІХ ғасырдың ескерткіші; реалдық әскери училищесінің ғимараты, бұнда Алаш-Орданың батыс бөлімінің басшылары Халел және Жанша Досмухамедовтар оқып бітірген, және басқа да көптеген ескерткіштер бар [2].
Сайып келгенде, туризмнің көптеген түрлерін дамытуға Батыс Қазақстан облысының мүмкіндіктері бар, бірақ бүгінгі күні облыста туризм саласын жоғарғы деңгейге көтеру үшін бірқатар мәселелерді ең алдымен шешу қажет:
- туристік және көліктік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы. Қонақ үйлерді, пансионаттарды, демалыс үйлері мен базаларын қоса алғанда, орналасу объектілерінің, сондай-ақ санаторийлік-курорттық мекемелердің материалдық базасы жоғары дәрежеде моральдық және физикалық тозғандығымен сипатталады. Бүгінгі таңда туризм ауқымы, туристер үшін ұсынылатын тұратын жерлердің түрлері, сапасы халықаралық талаптарға сай емес.
- сервистің төмен деңгейі. Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігінде танымал тарихи орындарға жетудің қиындығы қазақстандық та, шетелдік те туристерді қызықтырмайды. Біздің тарихи мұрамыздың туристік бағдарларларын халықаралық насихаттау мен жылжыту да сапалы түрде қайта қарауды талап етеді. Туризмді дамыту көлік инфрақұрылымының жағдайымен тікелей байланысты болғандықтан, әуе және темір жол жолаушы тасымалы географиясының шектеулілігі, ішкі және сыртқы туристердің топтық сапарлары үшін көліктің барлық түріне жол жүру билеттеріне жеңілдіктер жүйесінің болмауы едәуір проблемаға айналып отыр.
- мамандарды даярлау мәселесі. Мамандарды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың төмен деңгейі және туризмнің ғылыми базасының болмауы.
- туристік индустрияда ұсынылатын қызметтердің төмен сапасы. Бұл проблема жоғарыда аталған мәселемен өзара байланысты, өйткені қызмет көрсету саласындағы төмен сапа туризм индустриясы объектілерінде көрсетілетін қызметтер сапасының төмендеуіне әкеледі. Бұған басқа, бұл Қазақстанда туристік визаларды рәсімдеу мерзіміне, шетелдік туристерді тіркеу рәсімдеріне, кедендік және паспорттық бақылауға қатысты. Экскурсоводтарды даярлау, туристік ұйымдар өкілдерінің біліктіліктерін арттыру мәселелері шешілген жоқ.
Батыс Қазақстан облысында туризмді дамыту жөніндегі жоғарыда аталған мәселелерді шешу қажетті шаралардың қолданылуын талап етеді. Осы мақсатта туризмді дамытудың облыстық бағдарламасы дайындалып жүзеге асырылуда. Бағдарлама сондай-ақ, мынадай мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:
- тартымды туристік объект ретінде Қазақстанның беделін орнықтыру;
- ұлттық туристік өнім қалыптастыру және оның сапасын әлемдік деңгейге сәйкестендіруді қамтамасыз ету;
- саланы мемлекеттік реттеудің оңтайлы әдістерін қолдау мен таңдау негізінде туризмді кешенді дамыту.
Қойылған мақсаттарға сәйкес бірінші кезектегі міндеттер мыналар: туризмде әлеуметтік-экономикалық өзгермелі жағдайларға, мақсаттарға, қағидаттарға, туристік қызметті жүзеге асыру міндеттеріне жауап беретін мемлекеттік реттеудің жаңа көзқарастар жүйесін қамтамасыз ету; Мемлекеттің туризм саласында республикалық уәкілетті орган арқылы әрекет ететін басқарудағы, атқарушы органдар мен ұйымдар арасында өзара іс-қимылын реттеудегі рөлін күшейту; Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың нормативтік құқықтық базасын, осы саладағы мемлекеттік реттеу тетігін жетілдіру; туристік саланы кадрлық, ғылыми-әдістемелік, жарнама – ақпараттық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау; туризмнің инфрақұрылымын дамыту, туризмнің материалдық базасын жаңғыртуға, жаңа объектілер құрылысын жандандыруға жәрдемдесу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу; облыстың туристік өнімін туристік қызмет көрсетулердің әлемдік нарығына жылжыту; туризм саласында және қызмет көрсету салаларында шағын кәсіпкерлікті дамытуды, халықтың жұмыспен қамтылуын ынталандыруды қамтамасыз ету; инвестициялау және сала субъектілерін қаржыландырудың, несиелеудің басқа нысандары үшін жағдайлар жасау [5].
2011-2015 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасында туризм жөнінде былай жазылған: «Облыста әлеуеті жеткілікті жоғары экономикалық даму басымдылықтарының бірі туристік сала болып табылады: бірегей географиялық жағдайы, қолайлы табиғи-климаттық жағдайы (өлкенің құндылығы – Шалқар көлі суының құрамы теңіз суының стандарттарына сәйкес келеді), бай табиғи-мәдени мұрасының болуы. Халықаралық туристік көрмелерден бастап, спорттық жарыстар, саммиттер мен фестивальдар, барлық мүмкін болған бағыттар мен құралдарды пайдалана отырып, сондай-ақ Орал қаласының кең және түрлі туристік-экскурсиялық ортасын құру – тақырыптық этнографиялық саябақ, сәулет өнерінің мұражайын, сафари филиалы бар заманауи хайуанаттар бағын, туристік кемпинг желілерін құру арқылы Орал қаласының тартымды имиджін қалыптастыру туристік саланың даму басымдылығы болып табылады»[6].

Әдебиеттер тізімі:
1. Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясы Алма-Ата, 2010.
2. Батыс Қазақстан облысы. Батыс Қазақстан облыстық басқармасының кітапшасы. ИПК«Дастан», 2003. – 20 б.
3. Қайыров О.Г. Туған өлке табиғаты.- ЖШС Полиграфсервис баспаханасы, 2006.-Б, 15-17бет
4. http://visitkazakhstan.kz/kk/guide/information/7/0/160/
5. Региональная программа развития туристкой отрасли в Западно-Казахстанской области на 2006-2008 годы
6. http://kzgov.docdat.com/docs/665/index-258427-1.html2011-2015 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысының аумағын дамыту бағдарламасы.
  • 0
 қаралды: 3953
 пікірлер: 0
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.

Сайтқа кіру

Сауалнама

"НҰРЛЫ БІЛІМ" республикалық ұстаздардың сабақтар топтамасының жинағын журнал түрінде шығарған тиімді деп ойлайсыздар ма?

Күнтізбе

«    Қазан 2017    »
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Кім сайтта

Пікірлер

Copyright © Білімділер порталы & 2015

Жарнама