авторы: Merlan (30 наурыз, 02:03 жарияланды)
«Әліппе – білім бастауы»
(Әліппемен қоштасу ертеңгілігі)
Мақсаты: Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау. Әр оқушының іс-әрекеттері арқылы қабілеттерін көрсету, шығармашылығын дамыту. Жаңа оқулықпен таныстыру, қызығушылығын арттыру. Оқушылардың ата-ана, Отан, ел алдындағы борышын сезінуге, елін сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілік: Әліппе, Ана тілі оқулық макеттері, нақыл сөздер, шарлар, әріптер таңбалары, сандар мен цифрлар, суреттер, жапырақтар, балықтар, бұлттар, қармақ және т.б.
Музыка ойнап тұрады. Ортаға жүргізуші шығады.
Жүргізуші:
- Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! «Әліппе мейрамханасына» қош келдіңіздер! Бүгін біз жай жиналған жоқпыз. Бүгін біздің мерей тойымыз әліппенің мерей тойына арналып отыр. Әліппені оқып, әріптердің барлығын жаттап алған, әр әріпке сөз, сөйлем құрай алатын дәрежеге жеткен 1 «а» сынып оқушыларын ортаға шақырайық.
1. Ибалы ару – Ақзере.
2. Сүйкімді ару – Ильнара.
3. Инабатты ару – Инкар.
4. Сері жігіт – Тахир.
5. Сыпайы ару – Аружан.
6. Нәзік ару – Даметкен.
Есімде ұстаздың алғашқы қарсы алғаны,
Айқара есік ашып тастағаны.
Бір мереке думан боп осы маңда,
Жетелеп бір сыныпқа апарғаны, - деп ортаға сынып жетекшісі Гүлмаржан Ерболатқызын шақырамыз.
Гүлмаржан Ерболатқызы:
- Сәлеметсіздер ме, ата-аналар, ұстаздар қауымы, оқушыларым.
Уақыт... Уақыт – жарыса ескен жел секілді, бір күннің артынан екінші күннің қалай туып жатқаның байқамай қаласың.
Уақыт – жөңкіле көшкен бұлт секілді, бүгінгі күннің қалайша өзіңнен алыстап бара жатқанын аңғармай қаласың.
Уақыт – жарыса аққан су секілді, ертеңгі күніңнің қалай жақындап қалғанын байқамай қаласың. Шынында да 2 тоқсан тез зымырап өте шығыпты. Ол біреуге аз, біреуге көп көрінер. Енді сіздер әліппені аяқтап, барлық әріпті танисыңдар, оқып, жаза аласыңдар. Ана тілін де жақсы оқып, үлгілі оқушы бола беріңдер. Сендерге, сәттілік тілеймін!
Жүргізуші:
Өтті оқу, сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат,
Оқулықпен достассақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Ой білімі жаңғырып,
Әліппеден мәңгілік,
Әріптерді таныған
Өңкей білгіш, балдырған.
Құтты болсын тойларың.
Жүргізуші:
- Айтыңдаршы,
Іші толған әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар:
- Болашаққа жол ашар –
Ол сүйікті – Әліппе!
Ол сүйікті – Әліппе!
Мұғалім:
- Оқушылар, біз әліппені көру үшін «Әліппе мейрамханасына» баруымыз керек. Ол үшін біз сиқырлы кілемшемен ұшуымыз қажет. Бірақ сиқырлы кілемшеміз тесіліп қалыпты. Тесіктері неге ұқсайды?
Оқушылар:
- Тесіктері әр түрлі фигураларға ұқсайды екен.
Мұғалім:
- Оқушылар, біз сиқырлы кілемшені жамау үшін фигураларды атай аламыз ба?
Оқушылар:
- Иә, атай аламыз.

1-шаршы; 2-дөңгелек; 3-сопақша; 4-үшбұрыш; 5-тік төртбұрыш.
Мұғалім:
- Міне, оқушылар, сиқырлы кілем жамалды. Енді біз ұша аламыз.
Жүргізуші:
- Ортаға «Әліппені» шақырайық. (Музыка қосылады. Оқушылар әліппені тосады. Әліппе келмейді.)
Мұғалім:
- Әліппе неге кешікті екен? (Осы кезде пошташы келеді.)
Пошташы:
- Бұл 1 «а» сыныбы ма?
Мұғалім:
- Иә, 1 «а» сыныбы.
Пошташы:
- Сіздерге, ҚЫС ХАНШАЙЫМЫНАН хат келді.
Мұғалім (хатты ашып оқиды):
- Оқушылар, жолда досың ертіп келе жатқан әліппені ҚЫС ХАНШАЙЫМЫ ұстап алыпты. Оның мынадай талабы бар екен. Оның тапсырған тапсырмаларын орындауымыз керек екен. Орындаймыз ба?
Оқушылар:
- Әрине, орындаймыз.
1-тапсырма: Әліппе бойынша. «Жапырақтар» ойыны.
Шарты: Жапырақта әріптер жазулы. Сол жапырақтарда берілген әріптерді атап, сол әріпке сөз айту. Сол сөзге қатысты сөйлем құрау.
Мысалы: «А» әрпі. Алма. Мен алма тердім.
2тапсырма: Дүниетану пәні бойынша. «Бұлт» ойыны.
Шарты: Сұрақтарға жауап беру.
1 бұлттағы сұрақ: Неше жыл мезгілі бар? Ата.
2 бұлттағы сұрақ:Қазір қай мезгіл және нешінші айы?
3 бұлттағы сұрақ: Қазақстан Республикасының Президенті кім?
4 бұлттағы сұрақ: Сиырдың төлін ата.
5 бұлттағы сұрақ: Есту мүшесін ата.
6 бұлттағы сұрақ: Көз қандай мүше?
3-тапсырма: Математика пәні бойынша. «Судағы балықтар» ойыны.
Шарты: Қармақпен балық аулайды. Балықтағы мысалдарды оқып, шешу.
1 балықтағы мысал: 2+2; 7-3
2 балықтағы мысал: 6-6; 3+2
3 балықтағы мысал: 8+2; 5-4
4 балықтағы мысал: 9-5; 3+6
5 балықтағы мысал: 3+0; 7-0
6 балықтағы мысал: 5-0; 6+1

(Ортаға «Әліппе оқулығы» кіреді.)
Әліппе:
Армысыздар, жас достар,
Армысыздар, ата-аналар!
Болашаққа жол бастар,
Әліппе келді ортаға.

Білім деген ғажаптың,
Әліпбиін меңгерген.
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
- Оқушылар, сендер 42 әріпті меңгеріп, жазып, оқи аласыңдар. Ал енді
айта қойыңдаршы есімдерің кімдер және қай әріптен басталады.
Ақзере:
Ақзередей атым бар,
Ерін сүйген елім бар.
Мұқағали жырлаған,
Мақтан етер жерім бар.
Ильнара:
Менің атым – Ильнара.
«И» тұрады басында.
«И» деген де тамаша
Әріп екен расында.
Іңкәр:
Іңкәрді сіз білесіз,
Көңілге мені түйесіз.
«І» әрпі де атымда,
Оқып-біліп жүресіз
Тахир:
«Т» дегенің – Тахир,
Тахир деген мен болам.
Жақсы оқысам сабақты,
Одан артық жоқ шарам.
Аружан:
«А» әрпінен есімім,
Айтам сөздің кесімін.
Аружан деген мен боламын,
Айдай өсіп толамын.
Даметкен:
Даметкен деген мен едім,
Алсам білім тереңін.
«Д» әрпінен есімім,
Аламын оқу білімін.
Әліппе:
- Керемет, барлығын да біледі екенсіңдер.
Жүргізуші:
Әліппені бітірдім,
Жаза аламын атымды.
Әліппені бітірдім,
Бала болдым ақылды.
Көп нәрсені үйреттің,
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Ән: «Әліппе»

Жүргізуші:
- Білімге жолды бастаған,
Әліппем, саған мың алғыс.
Оқы деп ұран тастаған
Әліппем саған, мың алғыс!
Оқушылар «Әліппеге» деген ниеттерін жырмен өрнектемек.
Ақзере:
Жеміске құты тола ма,
Бір-бірлеп теріп алмасаң?
Әп-сәтте шыға қоя ма,
Еккен дәнің ойласаң?
Білім де сондай, қарағым,
Біртіндеп сіңер бойыңа.
Ұғып ал: білім боларын
Шамшырағың жолыңда.
Көлге айналған бұлақтың
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том қалың кітаптың
Басы болар – Әліппең...
Аружан:
Қош бол, құтты Әліппем!
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Сөйледі олар тіл бітіп,
Небір қызық сырларды.
Тыңдай бердім мен жұтып,
Тіл біткен тақпақ, жырларды.
Инкар:
Ашыла берді алдымнан,
Кең дүние есігі.
Соғылған сомдап алтыннан
Әліппе – білім бесігі.
Қош бол құтты әліппем!
Тіл тұсауын кестің сен.
Аялы анам болып сен.
Айыбымды кештің сен.
Тахир:
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе – ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың данасы.
Даметкен:
Әліппем менің, әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңге сәуле жарықпен.

Ильнара:
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті,
Үйреткен оны Әліппе!
Енді біз жаза аламыз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Барлығы бірге:
Сүйікті біздің, Әліппе!!!
Мұғалім:
- Балалар, әліппені бір қуантайық. Ортаға әліппеден алған білімдерімізді тағы бір көрсетсек. Ол үшін «Неше буын бар екенін тап» ойынын ойнайық.

Ойын: «Неше буын бар екенін тап»
Арыстан – 3 буын, түлкі – 2 буын, қоян – 2 буын, аю – 2 буын, қасқыр – 2 буын, жолбарыс – 3 буын.

Ойын: «Ұйқасын тап»
1) Құйрығы сүйір,
Ала ботаға үйір,
Оның аты – сиыр.
2) Тастан-тасқа секірген,
Шұнақтап ойнап, секірген,
Құйрығы келте шұнақ,
Оның аты – лақ.
3) Өзінше ноян,
Қорқақ кім? Қоян
4) Айбат шегер алыстан,
Аң патшасы арыстан.
5) Құйрығы он қарыс,
Бұл айбатты жолбарыс.
6) Маңайын түгел көріп,
Биіктен қарайды керік.

Әліппе:
- Сендер әріпті танисыңдар. Оқи да, жаза да аласыңдар. Бұдан да биік белестерге шығасыңдар деп сенемін. Енді сендер менің досым АНА ТІЛІН оқитын боласыңдар. Оны ренжітпеңдер, жарай ма?
Оқушылар:
- Ренжітпейміз.
(Ортаға ана тілі келеді.
Ана тілі:
Сәлеметсіңдер ме, балалар,
Туған елдің тілімін,
Ақылыммен танылам.
Түсіндірер бәріне,
Ана тілі мен болам.
Балалар мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарына сенемін.

Би: «Көкпар»

Жүргізуші:
- Ендеше ортаға мектеп кітапханашысы Гумарова Асель Қайыржанқызын шақырайық.
(Ортаға кітапханашы шығады.)
Кітапханашы:
Өз жадынамасын оқып, балаларға ана тілі оқулығын табыстайды.
Әліппе:
- Қош болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар. Сабақта тек «5» деген баға алыңдар. (5-тік үлестіреді)
Оқушылар:
- Қош бол, қош бол, құтты Әліппем!
Мұғалым:
Әліппемен қош айтысып қаламыз.
Енді қолға ана тілін аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне, балаңыз.
(Оқушалар мен атааналарға адақтама мен сыйлықтар табыс етіледі)
Жүргізуші:
Құттықтау сөзін мектеп директоры Элимира Бисембайқызы Утепбергеноваға береміз.
- Осымен «Әліппе – білім бастауы» атты шағын ертеңгілігіміз ақталды. Тамашалағандарыңызға көп-көп рахмет!!!
  • 0
 қаралды: 203
 пікірлер: 0
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.

Сайтқа кіру

Сауалнама

"НҰРЛЫ БІЛІМ" республикалық ұстаздардың сабақтар топтамасының жинағын журнал түрінде шығарған тиімді деп ойлайсыздар ма?

Күнтізбе

«    Ақпан 2017    »
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728 

Кім сайтта

Пікірлер

Copyright © Білімділер порталы & 2015

Жарнама